Кеше колледжде Қамқоршылар кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Қамқоршылар кеңесі оқу-тәрбие үдерісінде қолдау көрсету, материалдық-техникалық базасының нығаюына септігін тигізу, әлеуметтік жағдайы төмен студенттерге қолдау көрсету, сондай-ақ, колледж қызметіне қоғамдық бақылау жүргізу міндеттерін жүзеге асырып келеді.
Кеңестің бір жылғы жұмысының есебі, құрамындағы өзгерістер, 2021 жылдағы стратегиялық жоспардың орындалуы, колледж қаржысының игерілу есебі, ата-ана қамқорлығынсыз қалған немесе әлеуметтік жағдайы төмен студенттермен жүргізілген жұмыстардың ұсынымдары туралы мәселелер бойынша жауапты тұлғалардың ақпараттары тыңдалды.
Колледж қызметінің басым бағыттары мен стратегиялық жоспарының орындалуы, білім беру сапасы бойынша талдау жасалды. Әсіресе, «Жас маман» жобасының жүзеге асу барысы, шеберхана мен зертханалардың жабдықталу жайына назар аударылды. Экожүйе қалыптастыру, балдық-рейтингтік жүйеге толық көшу туралы баяндалып, болашақта колледж аумағында Құзіреттілік орталығын салу жоспары туралы мәлім етілді. Бұл – бәсекеге қабілеттілікті арттыруға, Worldskills қозғалысының нәтижелі дамуына оң әсер етпек.
Әлеуметтік жағдайы төмен студенттерге көмек қолын созу әрқашан назарда болып, олардың оқу ақыларын төлеуге қаржылық қолдау көрсетіліп отырылады. Атап айтқанда, «Сазанқұрақ» ЖШС 4 студенттің оқу ақыларын толық төлеп, қайырымдылық көрсетті. Мұндай мысалдар жеткілікті.
Қамқоршылық кеңес «Саламат ата» қоры арқылы әр оқу жылы қорытындысымен 2 студентке атаулы шәкіртақы тағайындап келеді. Үздік оқуы мен белсенді қоғамдық жұмысымен көзге түскен студенттер, жетістіктерге жеткен оқытушылар марапатталып, олар бағалы сыйлықтарға, қаржылай ынталандыруға ие болуда.
Қалалық құқық қорғау органдары мамандарымен кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдермен түсінік жұмыстары және құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша тәрбие саласы бойынша ата-аналарымен, студенттермен бірлескен жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Қамқоршылар кеңесі құрамы биылғы жылы толықтырылып (Ембімұнайгаз АҚ, Атырау мұнай өңдеу заводы, АТЭЦ, Транстелеком, Urker Ingeneering ЖШС, Казтрансойл АҚ мекеме өкілдерімен толықты), оған түрлі сала өкілдері тартылуда.
Индустриялық кеңес жұмысы да жолға қойылып, 2021 жылдың тамыз-қыркүйек айларында мамандықтар бойынша 16 оқу бағдарламалары талқыланды.
Кеңес мүшелері студенттердің теориялық білімдерін толықтыру мақсатында қонақ лекциялар өткізіп, өз тәжірибелерімен бөлісіп отырады. Бұл тұста «Қазмұнайгазбұрғылау», «Ембімұнайгаз», «Сазанқұрақ», «КЕГОК», «АтырауЖарық», «Жігермұнайсервис» кәсіпорындарының мамандары белсенділіктерімен көзге түсуде.
2021 жылы колледжде алғаш ұйымдастырылған демонстрациялық және біліктілік алу емтихандарына кәсіпорын мамандарының тәуелсіз сарапшы ретінде қатысуы дәстүрге айналды.
Осы күні Индустриялық кеңестің де отырысы өткізіліп, онда кеңес Ережелерінің жобасы ұсынылып, қабылданды. Төрағалығына «ЕмбіМұнайГаз» АҚ Өндірісті жедел басқару департаментінің директоры Жылқышиев Мәлік Жолдасқалиұлы бірауыздан сайланды.
Қамқоршылар кеңесі мен Индустриялық кеңес колледж жұмысының дамуында жан-жақты жұмыс жасап, түрлі салалар бойынша өз үлестерін қосып келеді. Олар әлеуметтік серіктестермен, жұмыс берушілермен, ата-аналармен, жалпы жұртшылықпен іскери байланыстар орнатуда үлкен роль атқарып отыр.
Болашақта да олар жаңа толыққан құрамда жұмыстарын жаңаша құрып жандандыра түсетіндеріне сенім мол.