Құрметті әріптестер, замандастар!
Сіздерді баршамызға ортақ мереке - Алғыс айту күнімен құттықтаймын!
«Жақсы сөз – жарым ырыс» дейтін халқымыз салиқалы ұрпақ өсіріп, жақсылық пен қайырымдылық жасауға шақырған. Үлкенге ізетті, кішіге қамқор, бір-біріне мейірімді болуға үндеген. Дала даналығымен «жаңбырменен жер көгерер, батаменен ер көгерер» деп түйіндеп, оны көшпенділер өмірінің мәніне айналдырған. Сондықтан адамдар жақсылық жасауға, бір-бірімен сыйласуға, ал жастар жағы үлкендерден бата алуға ұмтылған.
Ғасырлар бойы келе жатқан осы тамаша үрдіс бүгінде өзінің лайықты жалғасын тауып келеді. Осы дәстүрді халқымыз жеке өмір мен тұрмыста ғана емес, тұтас мемлекеттік ауқымда дамытып, небір қиыншылық замандарда ұлтына, дініне, тіліне қарамастан талай халықты барымен бөлісіп аман алып қалды. Осындай мәрттігімен айналасына дос жинап, Алғыс алды. Бір сәттік емес - толассыз келіп тұратын, таусылмайтын, кейінгі ұрпағына азық болатын ұмытылмас риясыз ризашылыққа ие болды. Қонақжай, батыр, жомарт, кең пейілді, адал халық ретінде әлемге танылды. Қазір бізді бәрі біледі, бәрі сыйлайды. Рақмет халқыма!
Алғыс - қазақ халқының ұлттық танымындағы айрықша орынға ие киелі ұғым. «Алтын алма, алғыс ал: алтын деген жер сыйы, алғыс деген ел сыйы» деп қасиет тұтқан.
Біздерге мағыналы қайталанбас қымбат мұра, озық салт-дәстүр, ұлан-байтақ жер қалдырған Бабаларымызға мың да бір алғыс!
Дүниеге ұрпақ әкеліп, өсіріп тәрбиелегені үшін Ата-аналарымызға шексіз рақмет!
Бүгінде Тәуелсіздігіміз бәрінен қымбат деп бағалап қастерлеп отырған асыл ұғым егемендігіміз – баға жетпес байлығымыз. Осы құндылығымызды уақыт сынақтарынан абыроймен алып жүретін, жарқын болашағымызды жалғастыратын білімді де саналы ұрпақ тәрбиелеуде жетістіктер тілеймін.
Айтулы мерекеде мен Сіздерге еңбектеріңіз үшін шын жүректен Алғысымды білдіремін! Қажырлы еңбек, жоғары кәсіби дағды, тынымсыз ізденудің арқасында биік табыстарға қол жеткіздік. Болашақта да өмірлеріңізде көптеген жетістіктерге жететіндеріңізге және барлық қиындықтарды жеңетіндеріңізге сенемін!
Студенттер, әрқашан алда болыңыздар!
Түлектер, ата-аналар бар болыңыздар!
Әр шаңыраққа бақ-береке, бейбіт өмір және табыс тілеймін!
Бәріңізге де Рахмет!