Саламат Мұқашев 1927 жылы 20 қазанда Гурьев (Атырау) қаласында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысының басталуына байланысты орта мектептегі оқуын үзіп, 1941 жылы Доссор мұнай кенішіндегі ФЗУ-ға (Фабрикалық завод училищесіне) түсіп, оны бітірген соң, Мақат мұнай кәсіпшілігінде мұнай ұңғыларын жер асты жөндейтін жұмысшы болып еңбек жолын бастайды. 1944 жылы қазан айында Гурьев (Атырау) мұнай техникумына түсіп, 1947 жылы бітіргеннен кейін, Мақат мұнай кәсіпшілігінде мамандығы бойынша есепші болып қызметке орналасты. 1948 жылы Доссор мұнай кәсіпшілігінде комсомол комитетінің ұйымдастырушысы болып сайланады. 1949 жылы Харьков қаласындағы кәсіподақтардың екі жылдық мектебіне жіберіледі. 1950 жылы Кеңес Одағы Коммунистік Партиясы қатарына қабылданды. 1951-1961 жылдары Атырау облысында мұнайшылар кәсіподағының республикалық комитетінде нұсқаушы, облыстық партия комитетінде өнеркәсіп-транспорт бөлімінің ңұсқаушысы, облыстық кәсіподақтар кеңесінің хатшысы, кейіннен төрағасы болып еңбек етеді. 1961-1970 жылдары - Атырау облысы Ембі (Жылыой) аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1970-1977 жылдары - Атырау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарып, 1977 жылы Кәсіподақтардың республикалық съезінде Қазақстан кәсіподақтары кеңесінің төрағасы болып сайланды. 1980-1985 жылдары - Маңғыстау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. 1985 жылдың қазан айынан 1988 жылдың ақпан айына дейін, яғни зейнет демалысына шыққанша, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төралқа төрағасы және КСРО Жоғарғы Кеңесі төралқа төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. Қазақ КСР-ның VII және ХІ шақырылған Жоғарғы Кеңесінің депутаты және төралқа мүшесі болды, төрт рет (1970 – 1990 жж.) КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған.Сонымен қатар Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бюро мүшесі, СОКП Орталық комитетінің мүшелігіне кандидат болды. Төрт мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, екі рет «Құрмет белгісі» орденімен, бес медальмен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төралқасының Құрмет грамотасымен және Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденімен марапатталған. Атырау облысының және Ақтау қаласы мен Түпқараған, Жылыой ауданының Құрметті азаматы. Алты кітабы жарық көрді. Қазақстан мұнайының (1899-1999 жж.) және Атырау қаласының (1940 -2000 жж.) жылнамасын жазып, жарыққа шығарды.