Мектеп түлектері бөлімдермен, ондағы оқу кабинеттері, зертханалар, шеберханалармен танысты.
Еңселі білім орнына кірген сәттен бастап келушілерді «Токарлық жұмыстар», fablab полигондары қарсы алды. Келушілер осында белгіленген уақыттан асыңқырап, кідіріп қалады. Ол түсінікті де – олардың көбі соңғы жылдары енген жаңа құрал-жабдықтарды алғаш рет көріп тұр.
Тарихы терең оқу орнының мұражайымен танысып, қоғам қайраткері, осы оқу орнының түлегі С.Мұқашев туралы көрмені ақпараттық киоск арқылы тамашалап, бөлімдер бойынша мамандықтармен танысты. Оқу кабинеттері, әсіресе арнайы пән кабинеттеріндегі көрнекіліктер, макеттер әр мамандық сиқырына қызықтыра жетелейді.
Мектеп оқушыларына қысқа да нақты түсіндірулерге мамандықтар туралы буклеттер, бейнекөрсетілімдер қосымша ұсынылды. Әсіресе, WorldSkills стандарты бойынша жасақталған 14 құзыреттілік бойынша жұмыс алаңдарындағы бөлек жағдай, мұндағы атаулар мен ұғымдар оқушылар үшін бұрын кездеспеген тың нәрсе. Бірінен бірі өтетін алаңдар қызметі ересек өмірге жол бастайды.
Кітапхана қызметімен танысу кезінде мектеп оқушысы ондағы С.Мұқашев суретінің қасында кітапхана меңгерушісімен фотоға түсіп, Саламат атасына ұқсап, осында оқуға келетінін айтып үлгерген түлек әрекеті лезде айналаға тарап үлгерді.
Келген оқушылар қажетті ақпараттар алып, колледждің белсенді студенттерімен кездесті.
«Ашық есік» күндері колледжде WorldSkills өңірлік чемпионаты мен әскери-далалық жиын басталып жатқан сәтпен тұстас келді. Бұл келуші түлектердің оқу орны тынысымен толығырақ танысып білуіне мүмкіндік берді.
Мектептен өзгеше оқу орнымен, ол дайындайтын мамандықтармен танысу әр түлекке өзіндік із қалдырғаны мәлім.
Колледж туралы тереңірек таныса түсу үшін келушілерге есік әрқашан ашық. Әлеуметтік желі парақшалары арқылы да мүмкіндік мол.
Таңдау – әркімнің өз еркінде.
Келесі жаңа оқу жылында осы келушілердің белгілі бір бөлігі колледж кабинеттерінде студент атанып отыратын болады.
Жылдар бойы қалыптасқан дәстүр осыны көрсетеді.