Қазақстан Халқы тілдері мерекесіне орай колледжде «Тіл-тәрбие бастауы» атты дөңгелек үстел өтті. Шараға ақын, Мәдениет саласы үздігі Саадат Шаяхметұлы Нұрманов, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау Университетінің филология ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Салыхова Айымгүл Зинелғабиденқызы және педагогика ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Хайыржанова Бибігүл Сейілханқызы арнайы шақырылды. Талқыланған негізгі мәселелер «Мемлекеттік тілдің мәртебесі»,«Желідегі пікір жел сөз емес», «Тұтынушы құқығы қалай қорғалып жүр?», «Ала-құла аудармадан қашан құтыламыз?». Тіл ұлттың жаны, халықтығының асыл белгісі, намысы, тыныс тіршілігінің көзі, Ата Заңымызбен қорғалатын еркіндігіміздің үні.
Дөңгелек үстел барысында мемлекеттік тілге зейін қойып, еркін сөйлеуді мақсат еткен, өзге ұлт өкілдері, 1-курс студенттері қазақ тілінде өлең оқып, тыңдарман ықыласына бөленді. Тілге жаны ашып тұрған ұжым бар да, мемлекеттік тіліміз жасай береді, біз сіз болып тек соған қызмет жасауымыз қажет. Тілдің мәртебесін көтеру үшін өткізілетін шаралар мемлекеттік тілде басталып, мемлекеттік тілде жүргізіліп, мемлекеттік тілде аяқталуы қажет. Ұлт болып қалу үшін, тілге қызмет жасау керек, әр отбасының мүшесі ана тілінде сөйлеп, жүрген жерлерінде қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, салт-дәстүрімізді дәріптеп жүру керек деп Айымгүл Зинелғабиденқызы өз ойын жеткізді
Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін барлық қолданылатын терминдер қазақшаға аударылу керек деген ұсыныс болды. Кейін тек сұранысқа ие сөздер ғана қазақ тіліне аударылды. Қазақтың лексикалық сөздік құрамына көбіне кірме сөздер де қолданылады. Аудиторияға тілді беру, жеткізу мәселесі үлкен шеберлікті қажет етеді. Сондықтан тілдік норманы сақтап, тілдік рухымызды жоймауымыз қажет, - деп тіл мәселесіне байланысты Саадат Шаяхметұлы көптеген кеңесін айтып, «Менің тілім көкбөрінің тілі ме» атты өзінің шығарған өлеңін оқып берді.
Бибігүл Сейілханқызы колледж басшысы Б.Шеркешбаеваға, ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, жаңа оқу жылына шығармашылық табыстар тіледі. Баласының жақсы ортаға келіп, осы оқу орнында білім алып, оқуын сәтті аяқтағанын зор ықыласпен жеткізіп, студенттерге озық ойлы, білікті маман болуларына тілегін білдірді.