Биыл тұстас келіп таяуда аталып өткен - Қарттар күні мен Ұстаздар күні мерекелеріне орай колледж ардагерлерімен кездесу өтіп, ардагерлер ризашылықпен әңгіме шертіп, пікірлерімен бөлісті.
Олардың алды - осы білім орнында жарты ғасырға жуық еңбек еткен ардагерлер, өздері үшін колледж айрықша ыстық екенін бір ауыздан жеткізді. Білім ордасының жетістіктері, оқу кабинеттерінің заман талабына сай жабдықталуы, сыртқы көрінісінің әсемдене түсуі, ең бастысы игі дәстүрлердің сақталып қана қоймай одан әрі жалғасын таба білуі, республика бойынша үздіктер қатарындағы нық орны назардан тыс қалмады. Әрине, өткенсіз бүгін жоқ. Олардың оқу орны, оның тарихы, басты оқиғалары, жетістіктері, қызығы мен қиыншылықтары туралы айтқандары бірталай әңгімеге өзек болды.
Әсіресе, кезіндегі техникумға ұзақ жылдар басшылық жасаған Нұрсұлтан Дәрібайұлы Достановтың естеліктерінің өзі не тұрады?
Жас маман болып келіп бүкіл саналы өмірін оқу орнына арнаған Мақсот Әмірханұлы Сейтқалиев... күні бүгінге дейін сапта жүрген Шолпан Андакулова мен Маржан Дербисинова...
Колледждің өмірі мен тыныс тіршілігін қарап отыратындарын айтқан ардагер-ұстаздар жетістіктер, өсу жолдарына риза екендерін қуанышпен жеткізді. Сондай-ақ, кейбір мәселелер бойынша ұсыныстары мен тілектерін де ортаға салды.
Құрметті демалыста жүрсе де колледж өмірімен тығыз байланыстағы зейнеткерлердің кейінгі толқын өкілдеріне айтары көп.
Ал өткен жылдар естеліктері - бүгінгі ұрпақ үшін қызық та әсерлі, тәрбиелі де мағыналы.
Ардагер ұстаздарымыз О.Нұрхановпен И.Сарқұловқа ҚР Энергетика министрлігінің мерекеге тұспа-тұс келген сала қызметкерлеріне тиісті «Еңбек ардагері» медалдарыда осы кеште табысталды.